Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

26.08.2026

Марғұлан университетінде 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындыларына арналған сарапшылар жиыны өтті. Кездесуде сайлау нәтижелері, елдегі қоғамдық-саяси үдерістердің негізгі бағыттары және азаматтық белсенділіктің маңызы талқыланды.

Жиынды «Құқық, тарих және кәсіпкерлік» білім беру бағдарламасының жетекшісі Нұрболат Алпысбайұлы ашып, сайлаудың негізгі қорытындыларына тоқталды. Сондай-ақ ол сайлау науқаны барысында байқалған қоғамдық-саяси үрдістерге талдау жасады.

Талқылауға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен сарапшылары қатысты. Олардың қатарында «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бауыржан Абдрахманов, философия ғылымдарының докторы Қайырғали Нигметжанов және философия докторы Арман Ахметов бар.

Сарапшылар азаматтық белсенділіктің маңызына, алдағы саяси бағыттарға, жаңа Конституцияның рөліне, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарының жастардың саяси мәдениеті мен азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы ықпалына назар аударды.

«Біз, педагогтер, болып жатқан саяси үдерістерді дұрыс түсіндіріп, объективті түрде жеткізе білуіміз керек. Мен студенттеріме үнемі: сайлауға қатысыңыздар, өз ұстанымдарыңызды білдіріңіздер — қолдасаңыздар да, қарсы болсаңыздар да, бейжай қалмаңыздар деп айтамын», — деді Арман Ахметов.

Кездесу қорытындысында сарапшылар педагогтердің басты міндеттерінің бірі — жастарға қоғамдық-саяси үдерістерді дұрыс түсінуге және саралауға көмектесу екенін атап өтті. Бұл ретте студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттыру мен саяси сауаттылығын қалыптастыру университет жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтілді.