Перейти к содержимому страницы.

ПАВЛОДАР МАҢЫНАН ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГТІҢ ЖЕРЛЕУ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ

17.07.2026

Павлодар қаласының маңындағы құм карьерінен шамамен 4 мың жыл бұрынғы ерте қола дәуіріне жататын көне жерлеу орны анықталды.

Адам сүйектері мен ежелгі керамика сынықтарының табылғаны туралы археологтарға Павлодар қаласының тұрғыны Денис Киблер хабарлаған. Осыдан кейін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Археологиялық зерттеулер институтының мамандары оқиға орнына шұғыл барып, қорғау-құтқару археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Зерттеу барысында жақсы сақталған жерлеу орны аршылып, оның ерте қола дәуіріне жататыны анықталды. Археологтардың айтуынша, бұл олжа ерекше ғылыми құндылыққа ие.

Жерлеу орнынан кварциттен жасалған кетпендер мен өңделген тас балтадан тұратын еңбек құралдарының кешені табылды. Мұндай жерлеу бұйымдары бұл адамның кен өндірумен және оны өңдеумен айналысқанын, яғни ежелгі металлург болғанын болжауға мүмкіндік береді.

Табылған археологиялық кешен Павлодар өңіріндегі ежелгі тау-кен ісі мен металлургия өндірісінің қалыптасуы және дамуы туралы ғылыми деректерді толықтыра түседі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында академик Әлкей Марғұлан Қазақстандағы көне тау-кен және металлургиялық ескерткіштердің алғашқы картасын жасап, Солтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында ежелгі тау-кен-металлургиялық орталық болған деген ғылыми болжам ұсынған еді.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, зерттелген жерлеу орны қола дәуірі тұрғындарының шаруашылық қызметін тереңірек зерделеуге, сондай-ақ Ертіс өңірі мен Орталық Азиядағы ежелгі металлургияның қалыптасуы мен дамуы туралы ғылыми түсінікті кеңейтуге мүмкіндік береді.