Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАҢА БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ

04.09.2026

Бүгін Марғұлан университетінің ұжымына Басқарма Төрағасы – ректор Алтынбек Нухұлы таныстырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты.

– Сіздер Алтынбек Нухұлын ғылым және жоғары білім саласында, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарда мол тәжірибе жинақтаған кәсіби маман ретінде жақсы білесіздер, – деп атап өтті жаңа басшыны ұжымға таныстырған Гүлзат Көбенова.

Алтынбек Нухұлы – химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Оның жоғары білім мен ғылым саласында, сондай-ақ мемлекеттік басқару бағытында мол тәжірибесі бар. Ол ҚР Парламенті Сенатының үш шақырылымында депутат болып, заң шығару жұмысына, соның ішінде білім беру, ғылым және технологиялық саясат салаларына белсенді қатысты.

Бүгінде университет дамудың жаңа әрі маңызды кезеңіне қадам басып отыр. Негізгі басымдықтардың қатарында педагогикалық білім беруді одан әрі жаңғырту, болашақ педагогтердің практикалық даярлығын күшейту, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттары бар.

– Марғұлан университетінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру әрбір қызметкердің қосатын үлесіне байланысты, – деп атап өтті Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, Алтынбек Нухұлының ғылым мен жоғары білім саласындағы көп жылғы кәсіби және басқарушылық тәжірибесі университет алдына қойылған міндеттерді іске асыруға және оның одан әрі дамуына маңызды ресурс болмақ.