Перейти к содержимому страницы.

КОЛЛЕДЖДЕН УНИВЕРСИТЕТКЕ: БІЛІМ БЕРУДЕГІ САБАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

20.11.2026

20 қарашада Марғұлан университеті мен Б. Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледж өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу колледждің тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Университет өкілдері оқу кабинеттерін аралап, сабақтарға қатысып, білім беру үдерісінің ұйымдастырылуын, қолданылатын педагогикалық технологиялар мен болашақ мамандарды даярлау тәжірибесін көрді.

Жұмыс кездесуі барысында тараптар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Негізгі бағыттардың бірі – педагог кадрларды даярлаудың сабақтас бағыттары бойынша колледж бен университеттің білім беру бағдарламаларын өзара үйлестіру.

Сондай-ақ бірлескен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу, «колледж – университет» білім беру траекториясын дамыту, студенттердің кәсіби практикасын ұйымдастыру, тәлімгерлік пен педагогикалық тәжірибе алмасу мәселелеріне басымдық берілді.

Ынтымақтастық аясында педагогтердің біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу, ғылыми зерттеулер мен конференциялар өткізу, колледж үшін ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау бағыттарында да бірлескен жұмыс жоспарланып отыр.

Қол қойылған меморандум алдағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды. Келесі кезеңде нақты іс-шаралар, оларды өткізу мерзімдері мен жауапты тұлғалар көрсетілген бірлескен жұмыс жоспары әзірленеді.

Бұл әріптестік педагогикалық білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған.