УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
22.04.2026
Margulan University ректоры Ержан Әмірбекұлы қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі салада жетістікке жетіп жүрген студенттермен кездесті. Жиынға Универсиадаға іріктеуден өткен спортшылар мен «Ақиқат» дебат клубының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында студенттер өз жетістіктерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын ортаға салды. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан республика бойынша І орын, күрестен І орын, шахматтан ІІ орын иеленген жастар университет абыройын асқақтатып жүргенін көрсетті.
Ректор Ержан Әмірбекұлы студенттердің табандылығы мен еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жетістіктері оқу орнының ғана емес, ел болашағының жарқын көрінісі екенін жеткізді. Ол қазіргі жастардың талапшыл, білімді әрі жан-жақты дамыған болуы маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде студенттер университет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен мүмкіндіктер үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге дайын екендерін айтты. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастарға жаңа серпін берді.





