Перейти к содержимому страницы.

СЕНАТОР АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫМЕН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ҒЫЛЫМ МЕН ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫҢ МАҢЫЗЫН ТАЛҚЫЛАДЫ.

20.02.2026

Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлының қатысуымен кездесу өтті. Жиында Жаңа Конституция аясындағы реформалар, соның ішінде ғылымды дамыту, тарихи және мәдени мұраны қорғауға қатысты өзгерістер кеңінен талқыланды.

Сенатордың айтуынша, Ата заңда бекітілген қағидаттар ғылыми ізденістердің еркіндігіне, ұлттық құндылықтарды сақтауға және мәдени мұраны қорғауға құқықтық тұрғыдан мықты негіз қалайды.

— Жаңа Конституция жобасында мәдени мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және тарихи сабақтастықты қамтамасыз ету мәселелерінің мемлекет қызметінің негіз қалаушы қағидаттарының қатарына енгізілуі де ерекше маңызға ие. Бұл - рухани құндылықтарды сақтай отырып, инновациялық даму жолына көшу қажеттілігін айқындайтын теңгерімді құқықтық ұстаным. Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесуі - тұрақты дамудың негізгі алғышарттарының бірі, – деді Алтынбек Нухұлы.

Сондай-ақ, Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы Жаңа Конституциялық өзгерістер профессор-оқытушылар құрамының арасында да жаңаша серпін алуға негіз болатын пайымдық құжат екенін және ғылымы-зерттеу орталығының қалыптасып, дамуы бүгінде студенттердің ғылымға деген ұмтылысын арттыруға, университтің имиджін көтеруге ықпал ететінін айтты.

Ғалымдар өз кезегінде археология саласының өзекті мәселелерін көтерді. Әсіресе, археологиялық ескерткіштерді қорғау, заңсыз қазба жұмыстарымен күрес, ғылыми жобаларды тұрақты қаржыландыру және жас зерттеушілерді қолдау қажеттігі айтылды. Археологиялық зерттеулер институтының өкілдері Конституциялық реформалар аясында ғылым саласына көрсетілетін қолдау нақты тетіктер арқылы жүзеге асуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу барысында қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Сонымен қатар, Жаңа Конституциядағы өзгерістер ғылымды дамытуға, тарихи және мәдени мұраны қорғауды күшейтуге тың мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.