ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ VI ОТЫРЫСЫ
20.06.2025
2025 жылдың 19 маусымында Марғұлан университетінде оқу-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті. ОӘК-тің алтыншы отырысында 2024-2025 оқу жылындағы оқу-әдістемелік кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес қорытынды есептер тыңдалды.
Атап айтқанда күн тәртібінің бірінші мәселесі кәсіби практиканың қорытындылары болды. Мансап орталығының басшысы М. Байтанаева практика білім алушылардың даярлығында ажырамас бөлікке айналғанын атап өтті. Білім алушылардың практика барысындағы жетістіктері мен қиындықтары талқыланды. Кеңес қатысушыларына практика қорытындысы бойынша өткізілген сауалнама нәтижелері таныстырылды және мәселелерді шешу үшін нақты ұсыныстар айтылып, шешім қабылданды.
Келесі маңызды мәселе түлектердің жұмысқа орналасуы болды. Кеңес қатысушылары түлектердің табысты мансабы білім сапасының көрсеткіші екенін атап өтті. Еңбек нарығындағы қазіргі тенденциялар мен жұмыс берушілердің қандай дағдыларға сұраныс білдіретіні жөнінде ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар университет түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша өткізілген іс-шаралар, негізгі талаптар және жұмысқа орналастыру тәртібі талқыланды.
Күн тәртібіндегі маңызды сұрақтардың бірі 2024-2025 оқу жылында басылымға ұсынылатын оқу-әдістемелік әдебиеттер жоспарының орындалуы туралы есеп болды. Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Л. Ахметова ағымдағы оқу жылында басылымға ұсынылған оқу-әдістемелік әдебиеттер туралы ақпаратты ұсынып, жоспардың 90% орындалғанын айтты.
Сондай-ақ отырыста емтихан сессиясының және қорытынды аттестацияның барысы қаралды. Емтихандарды ұйымдастыру мәселелері, сондай-ақ білім алушылардың білімін бағалау процесін қадағалау шаралары айтылды. Жоғары мектептердегі академиялық қарыздары бар студенттермен
жұмыс барысы талқыланды.
Отырыстың соңында кезекті басылымға ұсынылатын оқу-әдістемелік әдебиеттерді университеттің Ғылыми кеңесінде қарастыру шешімі қабылданды. Жаңа 2025-2026 оқу жылында оқу процесіне еңгізілетін жаңашылдықтар мен жүзеге асырылатын іс-шаралар таныстырылды. Кеңес барысында қарастырылған өзекті мәселелер бойынша тапсырмалар беріліп, шешімдер қабылданып, орындау мерзімдері анықталды.