Перейти к содержимому страницы.

MU-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

09.04.2026

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Жаңа қоғамдағы жастар әлеуеті: білім мен ғылым сапасы» атты XXI халықаралық студенттік ғылыми-практикалық конференция өтті.

Форум пленарлық отырыстан басталды. Жиынды университеттің ғылым жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгельдин ашып, бұл шараның жыл сайынғы дәстүрге айналғанын және соңғы төрт жылда халықаралық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

Ол қазіргі таңда студенттердің ғылыми әлеуетін дамыту мен білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ жас зерттеушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты.

Конференция барысында қатысушылар өзекті тақырыптарды қамтыған баяндамаларын ұсынды. Олардың қатарында ұлттық құндылықтарды жаңаша зерделеу, сондай-ақ білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу мәселелері болды.

Шараға шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері мен жас ғалымдары да қатысты. Мәселен, Жешув университетінің өкілі Мартына Марушак ағылшын тілінің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы баяндама жасаса, Тәжікстандағы Садриддин Айни атындағы педагогикалық университеттің студенті Мехрона Талбакзода болашақ мұғалімдердің қаржылық сауаттылығын қалыптастыру тақырыбын қозғады.

Университет студенттерінің жұмыстары да назардан тыс қалмады. Олар педагогика, химия, академиялық жазылым, бейімделген дене шынықтыру және білім берудегі жасанды интеллектті қолдану бағыттарында зерттеулерін таныстырды.

Пленарлық бөлімнен кейін конференция секциялық отырыстармен жалғасып, қатысушылар тәжірибе алмасып, ғылыми жобаларының нәтижелерін талқылады.