МU-ДЕ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР МЕН ТҮЛЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
16.04.2026
Марғұлан университетінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірдің білім беру ұйымдары мен түрлі мекемелерінің өкілдері мен түлектері бір алаңда бас қосты.
Іс-шараның салтанатты ашылуында оқу орнының Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Айгүл Жұмабекова құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Павлодар облысы білім басқармасының педагог қызметкерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Фариза Арынбекова және білім беру бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Зәуреш Ахмадова қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Жәрмеңкеге барлығы 42 ұйым қатысып, жұмыс берушілерге жас, белсенді және бәсекеге қабілетті түлектермен танысуға мүмкіндік берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, кәсіби бағдар берудің маңызды алаңына айналды.
Іс-шара барысында қатысушыларға ашық форматтағы кездесулер, әңгімелесу және кәсіби байланыс орнату мүмкіндігі ұсынылды. Студенттер өз түйіндемелерін ұсынып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбат жүргізді.






