Перейти к содержимому страницы.

МАТЕМАТИКАНЫ ҚЫЗЫҚТЫ ОҚЫТУ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ӘДІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

19.11.2026

Марғұлан университетінде ZERDELI білім беру орталығының өкілдері студенттермен және математика пәндерінің оқытушыларымен кездесті. Кездесуде мектепте математиканы оқытудың заманауи тәсілдері, есеп шығарудың тиімді әдістері және оқушылардың математикалық ойлау қабілетін дамыту жолдары қарастырылды.

Іс-шараға Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асылбек Қасенов, Академиялық офис басшысы Алия Жакиенова, ZERDELI білім беру орталығының топ-менеджері Есқат Қабылкерім, орталықтың Астана қаласындағы атқарушы директорлары Нұрғиса Қадырбеков пен Серікбол Кәдірбекұлы, сондай-ақ Павлодар қаласындағы атқарушы директоры Мерхат Дюсенович қатысты.

Кездесу барысында ZERDELI орталығының қызмет бағыттары, авторлық оқу құралдары, дарынды оқушыларды қолдау бағдарламалары және математикалық олимпиадаларға даярлау жүйесі таныстырылды. Атап айтқанда, «Алтын сақа», «Алтын түлек», «Алтын тұғыр» жобалары мен Olympiad Academy бағдарламасының жұмысы туралы ақпарат берілді.

Практикалық бөлімде математикалық есептерді шығарудың тиімді тәсілдері көрсетілді. Қатысушылар болжам жасау, кесінділер әдісі, қосынды, айырма және еселік қатынасқа берілген есептерді шығару жолдарымен, сондай-ақ қозғалысқа қатысты есептерді арифметикалық тәсілмен шешу әдістерімен танысты.

Ұсынылған әдістердің басты ерекшелігі – оқушыға дайын жауапты табуды ғана емес, есептің шешу жолын түсінуді, логикалық ойлауды және өз бетінше тұжырым жасауды үйрету. Мұндай тәсілдер математиканы балаларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізуге мүмкіндік береді.

Болашақ педагогтер үшін кездесу кәсіби тәжірибе алмасып, мектеп тәжірибесінде қолдануға болатын жаңа әдістемелік құралдарды меңгеруге жол ашты. Сонымен қатар Марғұлан университеті мен ZERDELI білім беру орталығы арасындағы ынтымақтастықты дамыту, болашақ мұғалімдердің әдістемелік даярлығын жетілдіру бағыттары талқыланды.