МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ!
30.09.2026
Марғұлан университетінің түлегі, тоғызқұмалақ үздігі Ерасыл Ауталипов 2026 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, бірқатар айтулы жеңіске қол жеткізді.
Қазақстан чемпионатында ерлер арасындағы командалық есепте топ жарған спортшы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Ерасыл жеке және командалық есепте алтын медаль иеленді.
Тоғызқұмалақ шебері жоғары жетістіктері мемлекет тарапынан да бағаланды. Қазақстан Республикасының Президенті Ерасыл Ауталиповты «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Ерасылдың кезекті жеңісі 21–27 қыркүйек аралығында Румыния астанасы Бухарестте өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында тіркелді. 14 елден 80 спортшы қатысқан жарыста отандасымыз рапид сайысының алты турында да жеңіске жетіп, 6 ұпайдың 6-ын жинады. Осы нәтижесімен ол әлем чемпионы атанды. Осылайша, биыл Ерасыл Ауталипов Қазақстан чемпионатының, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының және әлем чемпионатының алтын медальдарымен ерекшеленді.
Марғұлан университеті түлегін жарқын жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа белестер тілейді!

