МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ НАУРЫЗ КӨЖЕНІ ӘЗІРЛЕЙДІ
10.07.2026
Қазақтың дәстүрлі тағамы – Наурыз көже жаңа сипатқа ие болуы мүмкін. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары шай саңырауқұлағының (комбуча) симбиотикалық микроорганизмдері мен емдік қасиеті бар фитоингредиенттерді пайдалана отырып, инновациялық ферменттелген сүт өнімін әзірлеуге кірісті. Жоба ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған 365 млн теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Бұл – университет тарихында алғаш рет ғылыми әзірлеменің нарыққа шығарылуы.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғылыми жобасы «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанды.
«Симбиотикалық микрофлораны және емдік қасиеті бар фитоингредиенттерді пайдалану негізінде жаңа сүт өнімдерін әзірлеу» атты жобаға жалпы көлемі 365 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 250 млн теңгесін «Ғылым қоры» АҚ қаржыландырса, 115 млн теңгесін индустриялық серіктес инвестициялайды.
Жобаның негізгі мақсаты – дәстүрлі Наурыз көженің инновациялық нұсқасын әзірлеу. Ғалымдар шай саңырауқұлағының симбиотикалық микрофлорасы мен арнайы іріктелген фитоингредиенттерді пайдалану арқылы өнімнің пайдалы қасиеттерін арттырып, тағамдық құндылығын жақсартуды және сапасын жоғалтпай сақтау мерзімін едәуір ұзартуды көздейді.
Жоба жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты, «LF Company» ЖШС бас директоры Есмұрат Зиятбекұлы Матеев. Ал жобаның ғылыми бағытын Марғұлан университетінің Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Бибігүл Жұмабекова басқарады. Университет ғалымдары ферменттелген сусындарды зерттеумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Енді бұл ғылыми әзірлеме өнеркәсіптік өндіріске енгізілетін жаңа кезеңге қадам басты.
Алдағы үш жыл ішінде ғалымдар бизнес-серіктеспен бірлесіп технологияны өндіріске енгізіп, инновациялық өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа сусынның алғашқы партиясын 2026 жылдың соңына дейін өндіру көзделген.
Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлының айтуынша, бұл – оқу орны үшін тарихи маңызы зор жетістік.
«Ұзақ уақыт бойы педагогика және оған сабақтас ғылымдар саласындағы жобаларды коммерцияландыру қиын деген пікір қалыптасқан еді. Алайда біз бұл көзқарасты өзгертуді мақсат еттік. Университеттегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін саралап, әлеуеті жоғары жобаларды анықтадық, бизнеспен белсенді байланыс орнаттық, ғылыми әзірлемелеріміздің мүмкіндіктерін таныстырып, сенімді серіктестер таптық. Бүгін сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз – университетіміздің ғылыми әзірлемесі алғаш рет коммерцияландыру кезеңіне шықты», – деді ректор.
Инновациялық сусынды өндіру Жамбыл облысында орналасқан «LF Company» ЖШС-нің өндірістік базасында жүзеге асырылады.