МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
27.04.2026
Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшулаков Марғұлан университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет пен тәртіп қағидаттарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар жаңа Конституция тұжырымдамасы төңірегінде пікір алмасып, оның қоғамдағы маңызын саралады.
Іс-шараның ашылуында Басқарма төрағасы – ректор Ержан Әмірбекұлы сөз сөйлеп, мұндай диалог алаңдары студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде облыс прокуроры Алмат Байшулаков жастармен тікелей байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталып, заң талаптарын сақтау мен құқықтық сауаттылықты арттырудың өзектілігін жеткізді.
Кездесу аясында студенттер дайындаған құқықтық тақырыптағы бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылды. Үздік жұмыстар арнайы атаулар бойынша анықталып, олардың авторлары марапатталды.









