Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚОҢЫР САЗ» СТУДЕНТТІК АНСАМБЛІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

30.04.2026

Марғұлан университетінде «Қоңыр саз» атты студенттік халық аспаптары ансамблі құрылды. Ұжымның алғашқы шығармашылық кеші Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтті.

Ансамбль солистері домбыра, қобыз, жетіген және басқа да ұлттық аспаптарда шығармалар орындайды. Репертуарында дәстүрлі күйлермен қатар халық әндері де бар.

Ұжым университет ректоры Ержан Әмірбекұлының қолдауымен құрылған.

– Алдағы уақытта бұл ансамбль өз өнерімен көрерменді қуантады және әрбір іс-шараның көркіне айналады, – деді ол.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушысы Жанар Сағитова. Ұжым 2025 жылдың қазан айында домбырашылар үйірмесі негізінде құрылған. Қазіргі таңда құрамында әртүрлі факультеттерден жиналған 13 студент бар.

Концертке қатысушылар бірнеше ай бойы дайындалып, репертуар жасақтап, арнайы тапсырыспен музыкалық аспаптар алып, сахналық киімдер тіктірген.

Кеш барысында халық әндері мен күйлер орындалды. Көрермендер «Балбырауын» мен «Құсни-Қорлан» шығармаларын ерекше ықыласпен қабылдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ансамбльдің басты мақсаты – мәдени мұраны жастарға жеткізу және ұлттық музыканың заманауи форматта да өзекті екенін көрсету. Алғашқы концерт «Қоңыр саз» ансамблінің шығармашылық жолының бастамасы болды.