МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІНІҢ БАЯНАУЫЛДАҒЫ ОҚУ-ДАЛАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ
19.06.2026
2026 жылғы 11–17 маусым аралығында Әлкей Марғұлан атындағы университеттің «География» білім беру бағдарламасының студенттері Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында және Торайғыр ауылында оқу-далалық (физикалық-географиялық) тәжірибеден өтті.
Тәжірибе барысында студенттер теориялық білімдерін практикалық тұрғыда жетілдіріп, табиғи орта жағдайында әртүрлі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, метеорологиялық бақылаулар, топографиялық түсірілімдер, гидрологиялық зерттеулер және басқа да физикалық-географиялық жұмыстар орындалды.
Сонымен қатар студенттер Торайғыр ауылының тарихи-мәдени мұраларымен танысты. Практика аясында Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне экскурсия ұйымдастырылып, Ақбет тауына жорық жасалды. Сондай-ақ Қоңыр Әулие үңгірі, Кемпіртас жартасы және қола дәуірі мен сақ кезеңіне жататын археологиялық кешендерге танымдық сапарлар өткізілді.
Оқу-далалық тәжірибе студенттерге географиялық зерттеу құралдарын табиғи жағдайда қолдануды меңгерумен қатар, заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдалану дағдыларын игеруге мүмкіндік берді.
Оқу-далалық практиканың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен университет ректоры Ержан Әмірбекұлына және халықаралық байланыстар және академиялық саясат бөлімінің басшысы Татьяна Владимировнаға алғыс білдіреміз.
Практика жетекшілері – «География» білім беру бағдарламасының аға оқытушылары Әлібек Елемесов пен Айбар Нүкенов.




