МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН САССЕКС УНИВЕРСИТЕТІ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА
14.09.2026
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Ұлыбританияның Сассекс университетімен ғылыми және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытып келеді. Серіктестіктің перспективалы бағыттарының бірі – когнитивтік зерттеулер және дарындылықты диагностикалау бойынша бірлескен зертхана құру.
Қазіргі таңда университеттер зертхананы құру тұжырымдамасын, оның негізгі қызмет бағыттары мен жұмыс істеу тетіктерін талқылап, келіссөздер жүргізуде. Бұл жұмыс BR28712263 «Қазақстанның дарынды балаларын дамытуға арналған педагог кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру» ғылыми-зерттеу бағдарламасының бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылуда.
Бірлескен зертхана құру туралы келісімге жол картасы әзірленіп, екі университеттің заң қызметтері құжатты келісіп, тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін ынтымақтастықтың келесі кезеңдерінде қол қою жоспарлануда.
13–17 қыркүйек аралығында Сассекс университетінің өкілдері Павлодар қаласына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында білім беру, білім берудегі көшбасшылық, дарынды білім алушыларды педагогикалық қолдау және халықаралық ынтымақтастық салаларының мамандары бар. Олардың қатарында Сассекс университеті проректорының орынбасары, профессор Саймон Томпсон, Білім беру департаментінің басшысы Кит Перера және бастауыш білім беру саласының ассистент-профессоры Марсело Старикофф бар.
Сапар аясында оқытушыларға, зерттеушілерге және жобалық топ мүшелеріне арналған жұмыс кездесулері, семинарлар мен консультациялар өткізу жоспарланған. Сассекс университетінің сарапшылары дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамытуға, сондай-ақ педагог кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған зерттеулер мен әзірлемелерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді.
Марғұлан университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Алтынбек Нухұлы британдық әріптестермен ынтымақтастық екі университеттің ғылыми және практикалық тәжірибесін ұштастыруға, зерттеулердің әдіснамалық негізін кеңейтуге және дарынды білім алушылармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кәсіби талқылаулардың негізгі бағыттарына білім беруде жасанды интеллектіні қолдану, инклюзивті педагогикалық тәжірибелер, білім берудегі көшбасшылық, дарынды балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау, сондай-ақ оқушылардың сыни, шығармашылық және дербес ойлау қабілеттерін дамыту мәселелері кіреді.
Марсело Старикофф білім алушылардың білуге деген қызығушылығын арттыруға, белгісіздік жағдайында өзіне сенімді болуына, дербес, шығармашылық және сыни ойлауын дамытуға бағытталған «The Joy of Not Knowing» («Білмеудің қуанышы») атты авторлық тәсілін таныстырады.
Сонымен қатар тараптар ALLECA бірлескен жобасын, зертхана құру жөніндегі жол картасын әзірлеуді және академиялық алмасуды одан әрі дамыту перспективаларын талқылайды. Ынтымақтастық аясында Сассекс университеті ғалымдарының ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету бағыттары айқындалады. Олардың қатарында сараптамалық консультациялар, бірлескен зерттеулер жүргізу, әдістемелік материалдар әзірлеу және педагогтердің біліктілігін арттыру бар.
Сассекс университеті – Ұлыбританияның Брайтон қаласында орналасқан мемлекеттік зерттеу университеті. QS World University Rankings 2027 рейтингінде әлем бойынша 273-орынға ие.

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)