МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ АЛҚАСЫНДА ПЕДАГОГ ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ
10.04.2026
Бүгін Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейінде Павлодар облысы Білім басқармасының алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова төрағалық етіп, өңірлік білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары талқыланды.
Алқа отырысында Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айгүл Жұмабекова баяндама жасады. Ол университетте жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларды таныстырып, педагог кадрларды даярлау ісіндегі жаңа бағыттарды атап өтті. Баяндаманың негізгі өзегі — ғылыми-инновациялық тәсілге негізделген мұғалім даярлаудың жаңартылған моделі. Сонымен қатар, оқу үдерісіне дарынды оқушыларды дамытуға арналған жаңа курс енгізіліп, өңірлік білім беру кеңістігін жүйелі түрде қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Проректор өз сөзінде университеттің дарынды жастарды қолдауға айрықша мән беретінін де атап өтті. Атап айтқанда, қабілетті оқушыларға арналған пәндік олимпиадалар ұйымдастырылып, қала мен облыс мектептерінде педагогикалық сыныптар ашылуда, сондай-ақ болашақ талапкерлермен мақсатты түрде жұмыс жүргізілуде.


