Перейти к содержимому страницы.

ЖАС ҰРПАҚҚА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

22.05.2026

Павлодар қаласындағы Бұхар жырау атындағы жалпы орта білім беру мектебі базасында Жеңіс күніне арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты дөңгелек үстел жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, тарихи жадыны сақтау және елге деген құрмет сезімін арттыру болды.

Шара Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен тірек мектептер арасындағы ынтымақтастық аясында өткізілді. Дөңгелек үстелді мектеп мұғалімі Ангоноева А. С. және «Тарих» білім беру бағдарламасының магистранттары Сураганова А., Бажикова Б., Қанатбекұлы А., Сайдашев А., Тұрған Н. бірлесе ұйымдастырды. Кездесу барысында оқушыларға Ұлы Жеңістің тарихи маңызы кеңінен түсіндіріліп, майдангерлердің ел үшін жасаған ерлігі мен жанқиярлық еңбегі туралы тағылымды пікірлер айтылды.

Іс-шара барысында тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел тарихына құрмет әр азаматтың басты парызы екенін атап өтті. Әсіресе, қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен тарихи сананы қалыптастырудың маңызы ерекше екені сөз болды.

Дөңгелек үстелге 9–11 сыныптардан 10 оқушы қатысып, белсенділік танытты. Мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына оң әсер етіп, олардың ел болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар, жастардың бойында батырлар ерлігіне деген құрметті арттырып, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге мүмкіндік береді.