ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР: БҮГІНГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН ДАМУ БАҒЫТТАРЫ
14.04.2026
Кеше ғылым онкүндігі аясында мазмұнды әрі өзекті шара өтті. Марғұлан университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Гуманитарлық ғылым және білім: жағдайы мен даму перспективасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Аталған жиынға оқытушылар, зерттеушілер мен студенттер қатысып, гуманитарлық ғылымдардың бүгінгі жай-күйіне жан-жақты талдау жасады. Сонымен қатар саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, оның болашақтағы даму бағыттары төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өрбіді.
Дөңгелек үстел барысында ғылым салалары арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызы, дарынды оқушылардың ғылыми жобаларының ерекшеліктері кеңінен сөз болды. Бұдан бөлек, тарихты оқытудағы заманауи педагогикалық технологияларды қолдану, тілдік тұлға мәселесі, білім мен ғылымды цифрландыру үдерістері де қатысушылар назарынан тыс қалмады.
Сондай-ақ әдеби өлкетану, постколониалдық дискурс, тіл біліміндегі стилистикалық зерттеулер мен шет тілін меңгеру барысында кездесетін эмоционалды-когнитивті кедергілер секілді маңызды тақырыптар талқыланды. Әрбір бағыт бойынша қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында дөңгелек үстел сұрақ-жауап форматында жалғасып, еркін пікір алмасу алаңына ұласты. Кездесу қорытындысында гуманитарлық ғылымдардың қоғамдағы рөлі мен оны дамыту жолдары айқындала түсті.