Перейти к содержимому страницы.

БОЛҒАН АНА КЕСЕНЕСІНЕН ТАБЫЛҒАН АСЫЛ ТЕКТІ ӘЙЕЛДІҢ ШАПАНЫНЫҢ РЕКОНСТРУКЦИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМНЫҢ ЕРЕКШЕ ЭКСПОНАТЫНА АЙНАЛДЫ

20.05.2026

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Марғұлан университетінің ғалымдары бұл жиында бірегей археологиялық жәдігерлер мен ғылыми жаңалықтарын ұсынды.

Көрмеге зерттеушілер Әулиекөл және Қызылоба қорымдары мен Мұқыр қорғанында жүргізген қазба жұмыстары барысында табылған артефактілер қойылды. Экспонаттар Алтын Орда дәуіріндегі мәдениет, тұрмыс және қолөнер ерекшеліктерін айшықтайды.

Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, аса құнды жәдігерлер қатарында көшпелі ақсүйектер жерлеуінен табылған алтын жалатылған тарақ, алтын сырға, сәндік алтын жапсырмалар, Әулиекөл қорымындағы кесенелердің сәулеттік безендіру элементтері және Өзбек хан дәуіріне тиесілі теңгелер коллекциясы бар.

Ғылыми көрменің негізгі экспонаттарының бірі — Алтын Орда кезеңіндегі Болған ана кесенесінен табылған асыл текті әйел бейнесінің ғылыми реконструкциясы болды. Мүсін форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.

Ғылыми бағдарлама аясында Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының қызметкерлері Тимур Смағұлов, Ирина Тушева және Татьяна Крупа Алтын Орда дәуірінің артефактілерін зерттеу мен жаңа археологиялық қазбалар бойынша баяндамаларын қорғады.