БІРНЕШЕ ЕЛДІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ДАНАЛЫҚ ТІЛДЕР ФЕНОМЕНІН ТАЛҚЫЛАДЫ
04.02.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «ДАНАЛЫҚ ТІЛДЕРІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталғанын хабарлаған едік. Әр елдің ғалымдарының басын қосқан маңызды жиын өз мәресіне жетті. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың пікірінше, конференция тақырыбы өте ауқымды және жиын барысында кеңінен талқыланып, конференцияның мақсаты мен міндеті толық орындалды.
Конференция Дрезден технологиялық университетінің (Германия) ғалымдарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Пленарлық отырысқа Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаев қатысып, сәттілік тіледі. Халықаралық дәрежедегі маңызды ғылыми шараға Германиядан және Ресейден әлемге әйгілі тіл білімі ғалымдарының арнайы келіп қатысып, баяндама жасауы және университет ұжымы алдында дәріс оқуы конференцияның маңызын күшейтіп, беделін арттыра түсті. Олар - белгілі лингвист, Дрезден техникалық университетінің Славянтану институтының директоры (Германия), беделді халықаралық «Zeitschrift fur Slavistik» журналының редакторы, профессор Холгер Куссе және филология ғылымдарының докторы, А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының профессоры (Ресей) Владимир Карасик секілді ғалымдар болатын. Сонымен қатар, Ресей халықтар достығы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ұлданай Бахтикиреева және П.М. Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетінің (Беларусь) профессор Сергей Николаенко онлайн режимде қатысып, тақырыпқа орай өз ой-пікірлерін білдірді.
Одан бөлек Ә.Марғұлана атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зифа Темірғазина, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шолпан Жарқынбековалар баяндама жасады.
Ғылыми форум гуманитарлық ғылымдардағы заманауи үрдістерді жаңарту, әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудың өзекті мәселелерін әзірлеу, жас ғалымдарды анықтау және қолдау, халықаралық ғылыми-педагогикалық тәжірибені тарату және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілді.
Филология ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Людмила Тоқатованың айтуынша, конференцияда жарияланған және сессиялар барысында қарастырылған тақырыптар өте өзекті. Конференция нәтижелерін әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларында қолдануға болады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік әзірлемелер, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар саласында алынған нәтижелерді енгізу бойынша халықаралық тәжірибемен жемісті алмасу болды.
«Ғалымдар ғылым туралы, тіл туралы, сөздің даналығы туралы ғана емес, әлем тыныштығы, адамгершілік, достық туралы да айтты. Мұндай жиындар мен аталған тақырыптағы зерттеулер халықаралық деңгейдегі беделді ғалымдармен байланысымызды нығайта түседі. Марғұлан университетінің қабырғасында айтылған ой-пікірлер ғылыми қауымның қызығушылығын тудырып, көне заман мен жаңа заманның даналық дәстүрі жалғасын табады деп ойлаймыз», – деді Людмила Ерболатқызы.
Конференция соңында мәртебелі меймандар «Margulan centre» археологиялық орталығына арнайы барып, ғылыми зертханалардың жұмысымен танысты.
Бірнеше жоғары оқу орындарының ғалымдарының бірлескен зерттеу жұмысы нәтижесінде монография жазылды, ол Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жарық көреді.
Университет ұжымы ТМД елдерінде ғана емес, одан тысқары жерлерде де беделі жоғары профессор Зифа Темірғазинаға алғысын білдіреді. Оның беделінің арқасында конференцияға қазақстандық және шетелдік танымал ғалымдардың, профессордың достары мен серіктестерінің кең ауқымды қатысуы ұйымдастырылды.