АРЫН ОРСАРИЕВ ҒЫЛЫМДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС ОҚЫДЫ
12.06.2026
Бүгін Марғұлан университетінде «Қазақстандағы ғылымды коммерцияландыру: инновациялық экономиканы дамытудағы университеттердің рөлі» тақырыбында ашық дәріс өтті. Дәрісті Сорбонна университетінің PhD докторы, «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, инновациялық саясат пен технологиялық кәсіпкерлік саласының сарапшысы Арын Орсариев жүргізді.
Кездесу барысында спикер ғылыми әзірлемелерді сұранысқа ие өнімдер мен технологияларға айналдыру жолдары, сондай-ақ Қазақстанның инновациялық экономикасын дамытудағы университеттердің рөлі туралы баяндады. Қатысушылар бүгінде қандай ғылыми бағыттардың коммерцияландыру әлеуеті жоғары екендігін, идеяны нарыққа шығару туралы қай кезеңде ойлану қажет екенін және жобаның табысты болуы үшін мықты технология мен кәсіби команданың қайсысы маңыздырақ екенін талқылады.
Ашық пікірталасқа оқытушылар, ғалымдар, зерттеушілер, докторанттар мен студенттер қатысып, спикерге өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты және ғылымды дамытудың келешек бағыттарын талқылады.
Сондай-ақ Арын Орсариев инновациялық экожүйелердің дамуы мен университеттердің технологиялық кәсіпкерлікті қалыптастырудағы рөліне арналған «Startup Nation архитектурасы: технологиялық экономиканы құрудағы университеттердің рөлі» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді.