АЛТЫН ОРДАДАН ҰЛЫ САУДА ЖОЛДАРЫНА ДЕЙІН: ЕРТІС ӨҢІРІНДЕГІ ЖАҢА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
01.07.2026
Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Алтын Орда дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді іздестіру және зерттеу мақсатындағы ғылыми экспедиция жұмысын жалғастыруда. Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалау өңірін, Қызылқақ көлін, Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларымен қоса Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағын кесіп өтеді.
Зерттеу жұмыстары жүргізілген маңызды нысандардың бірі – Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының бастапқы кезеңінде-ақ археологтар бұл жерде ірі сәулет құрылысының болғанын айғақтайтын белгілерді анықтады. Бұған кейінгі тарихи кезеңдерге тән емес күйдірілген кірпіштердің көптеп табылуы, сондай-ақ аумақты заманауи лидар технологиясы мен георадар арқылы сканерлеу нәтижелері дәлел болды.
Кейінгі зерттеулер табылған кірпіштердің көлемі 25×25 сантиметр екенін және олардың «Алтын Орда стандартына» сәйкес келетінін көрсетті. Дәл осындай құрылыс материалы Алтын Орда дәуірінде сарай, мешіт, кесене және басқа да монументалды сәулет нысандарын тұрғызуда кеңінен пайдаланылған.
Қазба жұмыстары барысында археологтар жерлеу орындарының іздерін және сазды ерітіндімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтарын анықтады. Алдындағы мәліметтер бойынша, Жантай қонысындағы сәулет кешенінің қирандылары XIV–XV ғасырларға жататын, Алтын Орда кезеңі мен Қазақ хандығының қалыптасу дәуіріне тән дала ақсүйектерінің кесенесі екені белгілі болды. Сонымен қатар, кесене маңынан сол кезеңге тиесілі ауқымды қорым да анықталды. Археологиялық ескерткіштің барлық аршылған бөліктері мұқият тіркеліп, роботтандырылған геосканердің көмегімен 3D форматқа көшірілді. Болашақта бұл цифрлық көшірме археологиялық нысанды сақтап қана қоймай, жоғалған сәулет ескерткішін үш өлшемді үлгіде қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Студенттердің өндірістік тәжірибесінің жетекшісі Асқар Әбілдин бұл экспедицияның Алтын Орда дәуірін тереңірек тануға, археологиялық зерттеу жұмыстарына тікелей қатысу арқылы құнды тәжірибе жинақтауға және Қазақстан тарихының жаңа беттерін ашуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазба жұмыстары барысында киімге тағылған металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы табылды. Металл бұйымдарға жүргізілген рентген-флуоресценттік жедел талдау олардың құрамында қорғасыны мен қалайы мөлшері жоғары күрделі қоладан жасалғанын көрсетті. Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңіріндегі металлургия ісінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.
Моншақтар жиынтығын зерттеу нәтижелері де ерекше қызығушылық тудырды. Талдау олардың барлығының сырттан әкелінгенін көрсетті. Бұл орта ғасырларда өңір тұрғындарының Еуразияның алыс аймақтарымен дамыған экономикалық және мәдени байланыстар орнатқанын айғақтайды.
Табылған жәдігерлердің қатарында отаны Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағы да бар. Биоархеолог Наталья Миллердің пікірінше, бұл – Ұлы Даланы ғасырлар бұрын Оңтүстік Азия өркениеттерімен байланыстырған ұзақ сауда жолдарының болғанын дәлелдейтін тағы бір маңызды айғақ.
Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, бұл олжалар тарихи үдерістердің көрінісін толықтыра түсіп, Алтын Орда дәуіріндегі өңірдің мәдени мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.



