АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ
19.06.2025
Бүгінгі таңда білім беру саласындағы халықаралық және өңіраралық байланыстың кеңеюі – студенттердің жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік беруде. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында жүзеге асырылып жатқан академиялық ұтқырлық бағдарламасы осыған айқын дәлел. Бұл бағдарлама білім алушылардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, өзге өңірдің мәдениетімен, оқу ордасымен танысып, жеке даму бағытында мол тәжірибе жинақтауына жағдай жасайды.
Павлодар педагогикалық университетінің география-тарих мамандығының 3 курсстуденті Әміртемірова Ақбота академиялық ұтқырлық аясында 2025 оқу жылында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.
«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы маған тек білім мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар, өзін-өзі тану, өз мүмкіндіктерімді бағалау, дербес әрекет ету, әртүрлі орталарда өз ойымды ашық білдіру секілді маңызды қасиеттерді де қалыптастырды. Осы бір семестр ішінде мен бойымдағы көп өзгерістерді байқадым: жауапкершілік, сенімділік, тіл табысу қабілеті, командамен жұмыс істеу, дербес ізденіс сияқты дағдылар айқын дамыды», - дейді Ақбота.