Перейти к содержимому страницы.

140 БАЛЛ ЖИНАҒАН ӘСЕТ АЛЬТАИР МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚОНАҒЫ БОЛДЫ

01.06.2026

Бүгін Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 балл жинаған павлодарлық түлек Әсет Альтаирмен және оның ата-анасымен кездесті.

Әсет Альтаир «Математика–География» пәндер комбинациясын таңдап, бес пән бойынша мүмкін болған ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ол — Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі.

Кездесу барысында ректор жас талапкерді айтулы жетістігімен құттықтап, оның табандылығы мен білімге деген ұмтылысы үлкен құрметке лайық екенін атап өтті. Сондай-ақ ата-анасына баланың білім жолындағы жетістігіне қосқан үлесі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

– 140 балл — бұл тек жоғары нәтиже ғана емес, үлкен еңбектің жемісі. Сенің бүгінгі жетістігің — алдағы биік белестерге бастар жол. Павлодар өңірінен шыққан көрнекті ғалымдар мен зиялы тұлғалардың ізін жалғап, ел ғылымы мен білімінің дамуына өз үлесіңді қосады деп сенемін, — деді Ержан Әмірбекұлы.

Кездесу соңында ректор Әсет Альтаирге естелік сыйлық табыстап, алдағы оқу жолында толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.