Открытая лекция Сибирский комитет
СІБІР КОМИТЕТІНІҢ МАТЕРИАЛДАРЫ XIX Ғ. ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ БОЙЫНША ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ
Ресей империясының шет аймақтарын басқаратын Сібір комитетінің жұмыс тәжірибесі XIX ғасырдағы Қазақстан тарихының көптеген беттерін анықтау үшін құнды дерек болып табылады. Сібір комитеті Ресей империясының Сібір аумағындағы барлық тіршілікті басқарудың көптеген мәселелерін реттейтін, сонымен қатар, заң жобаларын саралау және енгізу жөніндегі арнайы органы болғаны баршамызға мәлім.
I (1821-1838 жж.) және II Сібір комитеттерінің қызметі нәтижесінде (1852-1864 жж.) Ресей мен Қазақстан мұрағаттарында қазақ қоғамын Ресей әкімшілік жүйесіне сай ұйымдастыру, реттеу және басқару мәселелеріне қатысты құжаттар мен материалдар жинақталған. Сібір комитетінің мұрағаттық құжаттарында (журналдар, генерал-губернаторлардың есептері, жобалары, жазбалары және т.б.) сол кезеңнің тарихи ерекшелігі мен аймақта империялық саясаттың дәстүрлі қазақ қоғамын трансформациясына тигізген ықпалы туралы білімімізді кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді.
Қазақ ғалымы С.Д. Асфендияров Қазақстан тарихы бойынша тарихи дереккөздерді зерделеу және айналымға енгізу қажеттілігін көрсеткен алғашқылардың бірі болып осы мәселеге назар аударды. XIX ғасырдағы қазақ қоғамының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы зерттеу жүргізген көрнекті тарихшылар: Б.С. Сүлейменов, В.Я. Басин, С.З. Зиманов, К.А. Жиренчин болып табылады. Ресей империясы құрамындағы Қазақстан тарихын зерттеуге өз үлесін қосқан зерттеушілердің жаңа буыны А.М. Әбділдабекова, Ерофеева, С. Акимбеков, Г.Б. Избасарова, Г.С. Сұлтанғалиева және т.б.
Қазақстан тарихы бойынша Ресей империясының заңнамалық дереккөздерін зерттеуге байланысты аталмыш ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша алдын ала жұмыс барысында жоба жетекшісі, т.ғ.д., Г. Е. Өтепова XIX ғасырдағы Қазақстанға қатысты іске асырылған Сібір комитетінің 150-ден аса жоғарыдан бекітілген ережелерін анықтады.
Ресей империясының Қазақстанды отарлау тарихын қарап отырсаңыз, көптеген саяси реформалар болғаны белгілі. Соның ішінде екеуінің ерекше астын сызып айтып кету керек. Олар — 1822-1824 жылғы және 1867-1868 жылғы реформалар. Мұның барлығы қазақ жерін әкімшілік тарапынан басқару, соның ішінде жерін бөліп басқару мәселесі туралы болатын. Мысалы, 1822 жылғы реформа ол хандық билікті жою туралы болса, 1867 жылғы реформаның мақсаты — қазақтың жерін тартып алу, оны қоныс аударушыларға бөліп беру. Сол уақыттағы патша билігі үшін қазақты дәстүрлі билігінен және жерінен айыру мәселелері өте өзекті болды, бұл бағыттағы реформалар да өте белсенді жүргізілді. Сондықтан патша үкіметі үшін Сібір комитеті қызметінің маңызы орасан зор деуге болады. Әсіресе, қазақтарды Ресей бодандығына енгізу, оларды басқару саясаты жік-жігімен жүргізілгені — ақиқат.
Сібір комитетінің реформалары Орта жүз аумақтарында көптеп жүргізілді. Мысалы, мынадай құжат кездесті. Ресей империясы Орта жүз қазақтарын бағындыруды бастағанда бейбіт жолмен жүргізуді мақсат еткен. Дегенмен Патша үкіметі осы саясатты жүргізуде «Бөліп ал да биле» деген қағиданы қатаң ұстанғаны баршамызға мәлім. Билік өкілдері алдымен қазақ ауылдарының рубасылары мен аға сұлтандарын өздеріне қаратып, саяси реформаларды солар арқылы іске асыра бастаған. Мысалы, қазақ жеріне барлау экспедицияларын жіберіп, бірінші аға сұлтандарды өздеріне тартқаны жайлы мәліметтер архивте анықталған барлық құжаттарда кездеседі. Оларға шен-шекпен, қызмет беріп, балаларына дейін билік кепілдігін ұсынып, соның өтемі ретінде жерлерін мемлекеттің меншігіне алып отырған. Қазақ жерін иемденудің тағы бір тәсілі — өзге аймақтың халқын біздің елге қоныстандыру болатын. Мысалы, қазақ жерін картаға салып, сол арқылы игерілмеген жерлерін анықтап отырған. Сонымен қатар, қоныс аударып келушілердің қонысын сол карта арқылы айқындап беріп отырған. Бұл картамен әр өңірдің климаты қандай, жерінің құнары қандай, қандай шаруашылықтармен айналысуға болады дегенді де анықтағанын көріп отырмыз.
Омбы облысының мемлекеттік мұрағатында № 366-қор Катанаевтың жеке қоры деп аталады, ал № 3 қор Батыс Сібірдің бас басқармасының кұжаттарынан тұрады. Біз № 366 қор құжаттарын пайдалана отырып, Қазақстан мұрағатынан кездеспеген бірнеше құнды материал таптық. Атап айтсақ, патша әкімшілігінің, генерал-губернаторлардың хан, сұлтан, би, тархандармен өзара жазған катынас хаттары бар. Мұндай дереккөзі, патшалық әкімшіліктің Арқадағы саяси агрессиясын тануға мүмкіндік береді. Аталған кордан Орта жүз ханы Уәлидің заңды мирасқоры Ғұбайдолла төренің қудалануы, патшалық әкімшіліктің жүргізген әділетсіз озбырлығы, Арқадағы орыс әскери-басқыншы отрядтардың қатыгез іс-қимылдары, казақ сұлтандарының арыз-шағым хаттары және орыс офицерлерінің отарлық қызметі жөнінде мағлұматтар алуға болады.
Деректердің екінші тобын Омбы кітапханаларындағы және ондағы сирек кездесетін қор бөліміндегі, тарихи-өлкетану мұражайындағы материалдар құрайды. қатысты негізгі мәліметтердің барлығы осы архивтің қорында.
Санкт- Петербургтегі тарихи архивте Сібір комитетінің журналдары, негізгі бұйрықтары, жалпы осы мекеменің барлық іс-қағаздары анықталып, айналымға енгізіледі деген жоспарымыз бар. Бұл құжаттарда Арқа жеріндегі патшалықтың басқыншылық саясаты жөнінде мол мәліметтер беріп отыр. Дәл осы секілді хабарламалар «Киргизская степная газета» атты басылымында Көкшетау сыртқы дуанының «салтанатты» ашылу сәті баяндалған. «Той-думан» секілді етіп көрсетуге тырысқанмен жергілікті тұрғындар үшін мереке емес екенін байқау киын емес. Арқа еліндегі жер-су байлықтарына патшалық отаршылдардың өлшеусіз қол сұққаны ж.б. жөнінде «Восточное обозрение» газетінен көп кездестіруге болады. Аталған газетте әсіресе, «Қазақ халқының тағдыры» аталатын тақырыпта үлкен мақала жарияланған. Мақалада патша отаршылдарының үстемдігінен зардап шеккен халық өмірі сөз етіледі. Ал «Степной край» газеті нөмірлерінде ХІХ ғасыр соңындағы империялық езгідегі қазақ қоғамының азапты күнделікті өмірі туралы хабарларды оқуға болады.
Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатын бірнеше кезеңге бөлуге болады. Оның бірі — әскери отарлау, екіншісі — экономикалық отарлау. Экономикалық отарлаудың негізгі бағыты қазақтың кең байтақ даласына өзге халықтарды тарту, орыс шаруаларын қоныстандыру болатын. Өзге аймақтың халқы мен орыс шаруаларын Қазақстанға әкелмес бұрын олар қазақтың даласын әбден зерттеп алған. Яғни, барлау экспедицияларын жіберіп, қай жерде қандай қазба байлық бар, қай өңірге қандай шаруашылық жүргізуге болатынын зерттегені жайлы архивта анықталған деректер куә. Сол барлау экспедициясының құрамында әскери азаматтар ғана емес, әр саланың тілін білетін мықты ғалымдар да болды. Олар қазақ даласының қазба байлығын, жердің құнарлылығын, қазақ қоғамының құқықтық және салт-дәстүрдің ерекшеліктеріне сараптама жүргізгені де мәлім. Соның негізінде біздің жеріміздегі кен орындары Ресей империясының басты назарына өтті. Одан кейін де түрлі зауыттар, фабрикалар ашылды. Сол жерге жұмыс істейтін еңбек адамдары керек болды. Сол кездерде Ресейдің өзінде аграрлық дағдарыстар болып тұратын. Сол мәселені шешу мақсатында біздің жерімізге қарапайым мұжықтарды ғана емес, әлді ауқатты көпестерді де көшірді. Себебі, жерді игеруге шаруаның жайын білетін адамдар керек болды. Содан кейін шаруаларды қолдаудың, аграрлық саланы дамытудың түрлі механизмдерін ойластырды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, қазақтарға 8-10 десятина жер берілсе, қоныс аударып келгендерге 15-20 десятинадан үлестірді. Ал казак әскеріне 25-30 десятинаға дейін меншіктеп берген. Бұл жерде патшалық Ресейдің қазақтың жерін алу және оны игеру саясатын өте мұқият әрі жанқиярлықпен жүргізгенін айтып өтуіміз керек. Осының нәтижесінде 1867-68 жылдары қазақтың жері империя құрамына заңды түрде өтіп кетті де, тек билік саясатын қолдаған, биліктің тапсырмасын жақсы жүзеге асырған сұлтандардың жері ғана өз иеліктерінде қалып отырды. Бірақ ол да көпке бармады. Кейін олар да жерлерінен айырылды.
Осы жоба аясындағы жоспарға келетін болсақ, жұмыс аз емес, алдымызда құжаттар жинағын шығару, бұл екі басылым болып шығады деген ойдамыз. Алдымен бірінші Сібір комитеті, одан кейін екінші Сібір комитеті туралы жинақ басып шығаруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, монография дайындалады және ғылыми айналымға енгізіледі. Педагогикалық университетте қызмет етіп жүргендіктен, студенттерге аталмыш тақырыпты оқыту мәселесі де назарымыздан тыс қалған жоқ. Одан кейінгі мақсатымыз — мектепте осы тақырыпты тереңдетіп оқытуға бетбұрыс жасау. Осы бағытта болашақ мұғалімдерге арналған оқу құралын әзірлеп, оқыту барысына енгізу жоспарлануда. Атап айтқанда, оқулықтарға 19-ғасырдағы қазақ тарихына қатысты жаңа әрі тың деректер енгізу.
Жалпы, қандай оқулық болса да шынайы тарихи деректерге негізделген болса, жас ұрпақ біздің өткен тарихымызды зерттеп, қайта дәріптеуге құштар болатыны мәлім. Қорыта келсек, тарихи деректер арқылы қазақтың қалай отарланғанын, қалай бодан жолына түскенін ашық көрсету заңнамалық құбылыс деп санаймыз. Тарих әркез саясаттан алшақ болуы керек, сонда ғана шынайы тарих жазылады. Екіншіден, тек архив қорларында сақталған құжаттар негізінде зерттеулер жүргізіп, тың деректерді енгізсек, ақиқатымызда ешқандай күмән болмауы тиіс.


